Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі басымдықтарды айқындап берді. Сол маңызды міндеттердің бірі – инвестиция тарту саясатын қайта қарау, оны жаңа сапалық деңгейге көтеру.

«Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шын мәнінде, бүгінде жаһандық деңгейде инвестиция үшін күрес күшейіп келеді. Мемлекеттер капитал тарту үшін жаңа әдістер іздеуде. Бұл ретте Қазақстан да бәсекеге қабілеттілігін жоғалтпай, инвесторлар үшін барынша қолайлы орта қалыптастыруы тиіс. Себебі инвестиция – ел экономикасының қозғаушы күші, жаңа өндірістердің, жұмыс орындарының, технологиялық жаңғырудың негізі.
Бүгінге дейін елімізге тартылған инвестициялардың басым бөлігі мұнай-газ, металлургия, уран өндірісі сияқты шикізаттық бағыттарға құйылғаны белгілі. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел ретінде шетелдік капитал үшін әрдайым қызығушылық тудырып келді. Алайда алдағы уақытта тек шикізатқа арқа сүйей беру экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды. Себебі шикізат бағасы құбылмалы, сыртқы нарыққа тәуелді.
Сондықтан еліміздің экономикалық құрылымын әртараптандыру – уақыт талабы. Инвестицияларды қайта бағдарлап, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жоғары технология, цифрландыру, жасанды интеллект және жасыл энергетика сияқты салаларға көбірек тарту қажет. Бұл бағыттар Қазақстанның тұрақты дамуы мен жаһандық өзгерістерге бейімделуінің негізгі тіректеріне айналуға тиіс.
Президент Жолдауда инвестициялық саясатты түбегейлі жаңғырту қажеттігін баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заңнамалық негізді жетілдіру, стратегиялық жобаларға мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін күшейту, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.