Қазіргі алмағайып кезеңде әлем елдері жаңа сын-қатерлермен қатар тың мүмкіндіктер дәуіріне қадам басуда. Осындай тарихи өтпелі шақта Мемлекет басшысының Жолдауы – Қазақстанның даму жолын айқындайтын, терең ойластырылған және нәтижеге бағытталған маңызды құжат ретінде қабылданды.

Президенттің ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және заманауи технологиялар, оның ішінде жасанды интеллектіні дамытуға қатысты бастамалары елдің стратегиялық болашағын нақтылайтын бағыттар болып саналады.
«Ауыл» партиясы үшін ауыл мәселесі – тек экономикалық сала емес, ұлттық болмыстың негізі, елдің рухани тамыры. Сондықтан Жолдауда көтерілген ауыл шаруашылығына қатысты әрбір бастаманы толық қолдап, оны уақытында әрі тиімді жүзеге асыру маңызды. 2026 жылға дейін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу – ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ішкі өндірістің артуына және азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына жол ашады.
Субсидиялау мен несиелеу жүйесін реформалау – ауыл шаруашылығы субъектілерінің жұмысына кедергі келтіріп отырған мәселелерді шешуге бағытталған оң қадам. Әсіресе орта және шағын шаруа қожалықтары үшін бұл үлкен мүмкіндік.
Қазіргі таңда азық-түлік мәселесі әлемдік геосаяси тұрақсыздықтың бір қырына айналды. Қазақстан үшін бұл тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да өзекті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару үшін логистиканы дамыту, сақтау және өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру қажет. Бұл – ішкі нарықты тұрақтандырып қана қоймай, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілікті арттыратын фактор. Сонымен қатар ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту мен азық-түлік сапасын бақылау жүйелерін жаңғырту – халық денсаулығын қорғауға және халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге негіз болады.
Президент атап өткендей, әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Жасанды интеллект енді тек ІТ саласының құралы емес, бүкіл экономиканың тиімділігін арттыратын негізгі тетікке айналуда. «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуді толық қолдайды. Бұл технологиялар егіс алқаптарын басқаруға, ауа райы мен топырақ жағдайын дәл болжауға, өнімділікті автоматты түрде есептеуге, тиімді шешім қабылдауға, сондай-ақ мал шаруашылығында ауруларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Демек, ауыл мен жасанды интеллект – бірін-бірі толықтыратын, болашаққа бастайтын үйлесімді бағыттар.
Президент Жолдауы – Қазақстанның жаңа дәуірге сенімді қадам басуына жол ашатын маңызды құжат. Онда ауыл шаруашылығы мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты бастамалар «Ауыл» партиясы үшін айрықша мәнге ие және қолдауға тұрарлық. Біз, партия ретінде, ауыл мен технологияның тоғысында жаңа даму моделін қалыптастыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыруға дайынбыз. Халық пен мемлекеттің бірлескен іс-әрекеті – келешек ұрпақ үшін жарқын болашақтың кепілі.
Ғани Ажединұлы Қарабеков
«Ауыл» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы