Шымкентте этномәдени мерекелер өтті

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында этностардың бірлігі мен мәдениетін ұлықтаған бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары әртүрлі этностық топтардың бай мәдениетімен танысып, достық пен татулық рухын сезінді.

Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Возрождение» неміс мәдени орталығының 35 жылдығына арналған мерекелік фестиваль өтті.

Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, жиналған қауымға ұлттық және классикалық музыкалық қойылымдар ұсынылды. Қала қонақтары неміс жастары клубының өнерін тамашалап, түрлі жанрдағы шығармаларды тыңдап, этностық мәдениеттің байлығына қанықты.

Фестиваль барысында Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Талғат Бисенбиев, ҚХА жанындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев және Ленгер қаласындағы немістер қоғамының негізін қалаушы, Төле би ауданының Құрметті азаматы Лидия Мехлик құттықтау сөз сөйлеп, шараның қоғамдағы татулық пен достықты нығайтудағы маңызын атап өтті.

Мереке аясында неміс халқының тұрмыс-тіршілігі мен тарихи-мәдени мұрасын бейнелейтін қолөнер және кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан белсенді азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.

Сол күні Шымкент қаласындағы Орталық саябақта Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Дўстлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» кең көлемде аталып өтті.

Мерекелік шара Шымкент қалалық өзбек драма театры әртістерінің Абай мен Әлішер Науаи бейнелерін сахналаған ерекше қойылымымен ашылды. Қонақтар ұлттық құндылықтарды дәріптеген көрмелермен танысып, өзбек халқының өнері мен салт-дәстүрінен сыр шерткен композицияларға куә болды.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов сынды мәртебелі қонақтар қатысты. Сондай-ақ жергілікті билік өкілдері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен қоғам белсенділері бас қосты.

Концерттік бағдарлама Мемлекеттік Әнұранмен басталып, театр әртістерінің «Қош келдіңіз» композициясымен жалғасты. Мукими атындағы №13 мектептің «Бахор» би ансамблі өзбек және қазақ билерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ қалалық драма театрының және опера-балет театрының өнерпаздары сахна төрінде ұлттық және заманауи музыкалық туындыларды орындады.

Мереке аясында этносаралық қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *