Ерекше балаларға арналған мүмкіндіктер кеңейіп келеді

Шымкент қаласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласы бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 13 623 бала тізімге алынған. Бұл балалардың барлығы даму ерекшеліктеріне сәйкес арнайы мамандардың бақылауында. Оларға дер кезінде көмек көрсету, білім мен тәрбие беру мақсатында қала аумағында 24 арнайы ұйым жұмыс істейді.

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 5 бөлімде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен кәсіби бағытта жұмыс жүргізіледі. Осы құрылымдардың бірі – «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Аталған мекемеде қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі 484 бала түрлі санат бойынша түзету сабақтарынан өтуде. Бұл – тек сабақ беру ғана емес, олардың өмірге бейімделуі мен әлеуметтенуіне бағытталған жан-жақты қолдау үдерісі. Жеке даму ерекшеліктері ескеріліп, әр балаға арнайы бағдарлама жасалып, сабақтар соған сәйкес жүргізіледі.

Мекемеде 70-тен астам білікті маман – дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік педагог, ерте араласу бойынша мамандар қызмет атқарады. Олар әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, даму қарқынын қадағалап, қажетті жағдайда ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді.

«Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуетін ашу – біздің негізгі мақсатымыз. Қазіргі таңда мекемемізде қызмет ететін арнайы педагогтардың біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында көптеген жетістікке қол жеткіздік. Мысалы, біздегі балалардың 70 пайыздан астамының даму көрсеткіші оң динамикаға ие. Бұл балалар кейін жалпы білім беретін мектептерге, балабақшаларға барып, толыққанды білім алып, өмірге бейімделуде. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен қуаныш әрі жұмысымыздың нақты нәтижесі», – дейді Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ директорының міндетін атқарушы Қарлығаш Қазыбаева.

Мамандардың айтуынша, ерте жастан жүргізілетін түзету жұмыстарының маңызы зор. Баланың тілі кеш шығуы, мінез-құлық ерекшелігі, әлеуметтік ортамен байланыс орната алмауы сияқты қиындықтарды дер кезінде анықтап, арнайы педагогтармен жүйелі жұмыс жүргізу – болашақ өмір сапасының негізін қалайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *