Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамытуға бағытталған бірқатар тың бастамаларды жария етті. Солардың ішінде қаржы саласындағы стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде цифрлық теңгенің мүмкіндігін кеңейту мәселесі атап өтілді.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін құру – уақыт талабы. Бұл тек заманауи технологияларға бейімделу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылаудың жаңа сапалық деңгейіне көшу. Қазіргі таңда бірқатар жобалар Ұлттық қор қаражаты есебінен цифрлық теңге арқылы қаржыландырылып жатыр. Ендігі мақсат – оның қолданылу аясын кеңейтіп, республикалық және жергілікті бюджеттерде, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің қаржылық жүйесінде цифрлық теңгені толық енгізу.
Президент Үкіметке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бұл бағытта нақты тапсырмалар жүктеп, тиісті заң жобасын жыл соңына дейін әзірлеп, қабылдауды тапсырды.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды бастама – Алатау қаласына арнайы мәртебе беру мәселесі. Президент бұл шаһарды еліміздің жаңа іскерлік әрі инновациялық орталығы ретінде дамытуды көздейді. Осы мақсатта Алатау қаласы Үкіметке тікелей бағынатын болады. Он күн ішінде арнайы Жарлық әзірлеу тапсырылды.
Мемлекет басшысы банк секторына да ерекше назар аударды. Президенттің пайымынша, банктер экономикаға нақты қолдау көрсетуі тиіс, ал олардың қаражаты халық пен бизнеске тиімді жұмыс істеуі керек. Бұл ретте жаңа банк заңын қабылдау – аса өзекті қадам болмақ. Онда экономикалық сұраныс пен технологиялық өзгерістерге бейімделген нақты механизмдер қарастырылуы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы қаржы саласындағы жаңа серпіннің бастауы болмақ. Мемлекет басшысының бастамалары цифрлық экономиканы дамытуға, қаржы жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты қадамдармен ерекшеленіп отыр.