ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар  халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен, жаһандық компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.

Cameco басшысымен кездесу

Сапар канадалық Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен кездесуден басталды. Тараптар уран өндіру саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Президент Cameco-ның «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының сенімді серіктесі екенін атап өтті. Компания Қазақстанға 500 млн доллардан астам инвестиция салып, технология трансферіне ықпал еткен.

Тоқаев еліміздің энергетикада жаңа кезеңге қадам басқанын, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салу жоспарда бар екенін айтты. Гитцель «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі туралы баяндады.

Goldman Sachs институтымен әріптестік

Президент Goldman Sachs Global Institute-тің жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Джаред Коэнмен де кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев банк пен Қазақстан Ұлттық банкі арасындағы серіктестікті жоғары бағалап, жасанды интеллект пен қаржы секторын цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Коэн Digital Asset Platform цифрлық қаржы платформасы туралы мәлімет берді.

ETS компаниясымен білім саласындағы байланыс

Тоқаев білімді бағалау мен тестілеу саласында әлемдік көшбасшы ETS компаниясының президенті Амит Севакты қабылдады. Президент Қазақстанның бұл салада ETS тәжірибесін пайдалануға қызығушылық танытатынын айтты. Амит Севак ұйымның жыл сайын әлемнің 180 елінде 50 млн астам тест әзірлеп, ұлттық білім беру жүйелері үшін шешімдер ұсынатынын жеткізді.

Смитсон институтымен мәдени ынтымақтастық

Президент Смитсон орталығының өкілі Халле Батвинмен де кездесті. Мемлекет басшысы АҚШ-та қазақ мәдениетін насихаттап жүргені үшін ризашылығын білдірді. Институт жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық өнер мен тарихты зерттеуге бағытталған жобалармен айналысады. Тоқаев мәдени дипломатия қос ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

PepsiCo компаниясының жобасы

Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихомен кездесті. Тараптар Алматы облысындағы снэк зауытының құрылысын талқылады. Жобаның құны – 368 млн доллар. Зауыт 900-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашпақ. Сондай-ақ, компания картопты жергілікті шаруашылықтардан сатып алмақ. Қазір бағдарламаға 15-ке жуық қожалық тартылған.

Президент компанияның агрошаруашылықты дамыту бастамасын қолдап, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер зауытты уақытында іске қосуға жағдай жасайтынын айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейді. Президент бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *