Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандыру жүйесі заманауи талаптарға сай жаңаша форматта жүзеге асырылуда. Енді мектеп асханаларында арнайы аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) арқылы қызмет көрсету қолға алынып, үдеріс цифрландыру бағытында қарқынды дамып келеді.

Қазіргі таңда қаладағы 151 мектепке АБК жүйесі орнатылған. Оның ішінде 98 білім ошағында «Alakan mektep» жүйесі сәтті іске қосылып, оқушыларға тиімді әрі ашық қызмет көрсетілуде.
Жаңа жүйенің басты артықшылығы – тамақтану үдерісінің ашықтығы мен ата-аналар тарапынан бақылаудың артуы. Енді ата-аналар баласының асханадағы қызметті қалай пайдаланып жатқанын онлайн бақылап, нақты ақпарат ала алады. Бұл қадам мектептегі тамақ сапасына деген сенімді арттырып отыр.
Бүгінгі таңда 71 943 оқушы мектеп асханаларында тұрақты түрде тамақтанады. Бұл көрсеткіш білім беру ұйымдарындағы қызмет сапасының артқанын ғана емес, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Аталған бастама – білім беру саласындағы цифрлық жаңғырудың жарқын үлгісі.
Жоспарға сәйкес, АБК жүйесі алдағы уақытта қаладағы барлық мектептерде толық енгізілмек. Бұл өз кезегінде оқушылар үшін қолжетімді, қауіпсіз әрі сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың денсаулығы мен сапалы білім алуы – мемлекеттің басты басымдығы екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мен цифрландыру үдерісін жеделдетуді тапсырған еді. Шымкент қаласында қолға алынған бұл жүйе – Жолдауда көрсетілген тапсырмалардың нақты орындалып жатқанын айғақтайды.