Ғабит Сыздықбеков чемпиондарды құттықтап алғысын білдірді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті. Патриоттық рух пен шабытқа толы кездесуде спортшылар әсерлі сәттерімен бөлісіп, қала басшысы олардың жарқын жетістіктерінің ел абыройын арттырудағы маңызына тоқталды.

 Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты. Бұл жеңіс – отандық спорт тарихындағы елеулі оқиға ретінде бағаланды.

Ағайынды Сабырхандарға ерекше алғыс айтылды. Махмұд әлем чемпионатының тұғырында екінші мәрте топ жарса, небәрі 19 жастағы інісі Төрехан алғаш рет әлем чемпионы атанып, ел спортының жаңа беттерін ашты.

Шымкент спортшыларының өзге де жетістіктері мақтауға тұрарлық. Бангкокта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын медаль иеленсе, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық турнирде жеңіске жетті. Сондай-ақ, Жұмажан Қожамбеков әскери қызметкерлер арасындағы қазақ күресінен чемпион атанып, өзінің жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетті.

– Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай жоғары нәтижелерге жетелейді. Біздің чемпиондарымыз жастарға үлгі болып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыра түсуде, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Кездесу барысында қала басшысы спортшылардың ел намысын абыроймен қорғаған жеңістерін жоғары бағалап, олардың еңбектеріне шынайы ризашылығын білдірді. Жас чемпиондарға демеушілер есебінен автокөліктер табысталды, ал бапкерлер мен тәлімгерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар ұсынылды.

Қала әкімі алдағы жарыстарда жаңа табыстар мен жарқын жеңістер тіледі. Сонымен қатар, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *