Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарына арналған арнайы пресс-тур өтті. БАҚ өкілдері Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің білім беру мүмкіндіктерін бақылап, колледж түлектерінің жетістіктерімен танысты.

Колледж директоры Гүлмира Жапбарқызы баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, білім беру мекемесінің әлеуеті туралы кең көлемде ақпарат ұсынды. Ол оқу орнының жоғары деңгейдегі мүмкіндіктерін атап өтті.
«Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі – Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласына мамандар даярлайтын базалық оқу орны болып табылады. 2017 жылы біз “Үздік колледж” номинациясын жеңіп алдық. Қазіргі таңда оқу процесі үш корпус бойынша жүргізіледі. Барлық ғимараттар санитарлық талаптарға сай жабдықталған және 558 орындық оқу кабинеттері бар. Колледжде 9 оқу шеберханасы мен 10 құзыреттілік орталығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Студенттеріміз 2014 жылдан бері дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алуда, оның 40 пайызы – теориялық, 60 пайызы – өндірістік тәжірибе. Қазіргі кезде 527 студент дуальды жүйеде білім алудамыз. Сонымен қатар, біз Шымкент қаласының 35 кәсіпорнымен серіктестік орнатып, түлектердің еңбек нарығына тікелей шығуына мүмкіндік береміз», – деді Гүлмира Жапбарқызы.
Студенттердің авторлық үлгілерінен тұратын сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қатысушыларға колледждің шығармашылық мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ, Coworking алаңы мен жастарға арналған заманауи шығармашылық кабинеттер көрсетілді.
Пресс-турдың екінші бөлімінде қатысушылар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің Құзыреттілік орталығына барды. Мұнда «Сән технологиясы» бойынша республикалық дайындық алаңының жұмысымен танысты. Қонақтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықтың мүмкіндіктерін көріп, студенттердің тәжірибелік сабақтарын бақылады.
Сонымен қатар, баспасөз өкілдері колледждің серіктес кәсіпорындарын аралап, олардың өндірістік үрдісімен танысты. Алдымен «АГФ» тігін фабрикасының жұмысымен таныстырылып, киім тігу технологиялары мен студенттердің өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері көрсетілді. Кейін «Назар-Текстиль» кілем фабрикасына барып, өндірістік қуат, өнім сапасы және экспорттық әлеует жайлы ақпарат берілді.
Айта кету керек, колледж студенттері халықаралық аренада да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Олар WorldSkills, EuroSkills және Abilympics чемпионаттарының жеңімпаздары атанды. 2024 жылы оқу орны Франциямен бірлесіп халықаралық салалық аккредитациядан өтті. Түркиядағы колледждер және «Денизли» индустриялық аймағымен серіктестік байланыстар орнатылды. Бүгінде студенттердің 10 стартап жобасы жүзеге асырылып, оған 40-қа жуық жас қатысуда.