Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Шымкенттегі қоғамдық-саяси ахуал мен әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын кеңінен баяндады.

Алғашқы кезекте қала әкімінің орынбасары 26–27 қыркүйек күндері өтетін «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалінің маңыздылығына тоқталды. Ұлттық мұраны ұлықтайтын бұл мәдени шара «Қызғалдақ» сарайында ұйымдастырылып, оның аясында мектеп оқушыларының өнер байқауы, сондай-ақ дәстүрлі ән-күй, жыр-терме кеші өтеді. Кешке Қазақстанның халық әртістері мен белгілі өнер қайраткерлері қатысады. Айта кетерлігі, іс-шараға кіру – тегін.
Брифингте айтылған өзекті мәселелердің бірі – қарттарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары. Қала әкімдігі 1 қазан – Қарттар күніне орай 70 жастан асқан зейнеткерлерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көмек берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, 80 жастан асқан жалғызбасты қарияларға ай сайын 2 АЕК мөлшерінде төлем қарастырылған. Қоғамдық көлікте 70 жастан асқандар үшін тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 99 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Жыл сайын 7 мыңға жуық қарияға емдеу-сауықтыру орталықтарына жолдама беріледі.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Осыған орай Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, түрлі мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.

Баспасөз мәслихатында Арғымақ шағын ауданының инфрақұрылымдық жағдайы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда бұл аумақта мектеп салынбағанымен, балалар көршілес Құлагердегі №147 және Ақжардағы №122 мектептерде білім алуда. Арғымақтағы мектеп жасындағы балалар саны 500-ге жетпейтіндіктен, жаңа білім ошағын салуға қажеттілік жоқ.
Балабақша мәселесі де шешімін тапқан. Ауданда 50 орындық жеке балабақша жұмыс істейді. Сонымен қатар, көрші шағынаудандардағы «Зерек бала» (150 орын) және №54 «Асыл Арман» мемлекеттік балабақшалары қолжетімді. Медициналық қызмет бойынша Арғымақ тұрғындары Ақжардағы дәрігерлік амбулаторияға жүгінеді. Аталған мекеме №11 қалалық емханаға қарайды және үш шағынауданға қызмет көрсетеді.
Баспасөз мәслихаты соңында әкімдік өкілі журналистердің сауалдарына жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.