Шымкентте мұнай-газ саласына арналған форум өтті

Білікті маман – ел тірегі. Бұл сөздің маңызын кәсіби жетістікке жеткен жастар іс жүзінде дәлелдеп жүр. Шымкент қаласындағы Политехникалық колледж базасында «Мұнай-газ саласындағы инновациялық технологияларды дамыту» тақырыбында  форум өтті. 

Форум «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды. Жиынға сала мамандары, колледж түлектері мен оқытушылар, сондай-ақ, өндіріс орындарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында мұнай-газ саласындағы заманауи технологиялар, техникалық мамандарды даярлау мен өндірістік тәжірибені жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар баяндамалар жасап, өзара тәжірибе алмасты, ұсыныстарын ортаға салды.

– Осы колледжде алған білімім мені кәсіби жолға жетеледі. Мұғалімдеріміздің берген ілімі мен қолдауы үшін алғысым шексіз, – дейді Шымкент мұнай өңдеу зауытының жетекші инженері, форумның арнайы қонағы Нұрсұлтан Мусманов.

Нұрсұлтан Мусманов  2006–2010 жылдары осы оқу орнында жұмысшы мамандығы бойынша білім алған. Қазір еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірінде жетекші маман ретінде еңбек етуде. Форумға арнайы келіп, студент жастарға үлгі көрсетті, кәсіби кеңестерімен бөлісті.

– Жыл бойы түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз. Әлеуметтік серіктестер мен колледждің табысты түлектерін шақыра отырып, студенттерге мотивация беруді мақсат етеміз, – дейді колледж жанындағы әдістемелік кабинет меңгерушісі Дана Балабекова.

Форум жұмысына Шымкент қаласы білім басқармасының өкілдері, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары, “ПетроҚазақстан Ойл Продактс” ЖШС-нің инженерлік-техникалық мамандары да қатысты.

Іс-шара барысында жас мамандардың әлеуетін арттыру, білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту және тәжірибе алмасу жолдары жан-жақты қарастырылды. Форум жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *