Еліміздің жалпы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу бойынша жаңа кезең басталды. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мектеп педагогтеріне арналған арнайы оқыту бағдарламасын іске қосты. Курстар жасанды интеллектіні білім беру саласында тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс қолдану қағидаттарын меңгертуді көздейді.

Оқыту барысында академиялық адалдықты сақтау, баланың игілігін басты назарда ұстау, дербес деректерді қорғау және құқықтық талаптарды ескеру секілді мәселелерге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар жасанды интеллектінің алгоритмдік бейтарап еместігі мен шектеулерін түсіну де маңызды бөлік ретінде қарастырылған.
Педагогтерге сабақ мақсатына сәйкес ЖИ құралдарын дұрыс таңдау, ұсынылған ақпаратты сыни тұрғыда бағалау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және әдістемелік тәжірибесін үнемі жетілдіріп отыру секілді құзыреттер беріледі. Ал оқушыларға жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін түсіну, алынған жауапты бағалау және академиялық адалдық қағидаларын сақтау дағдылары үйретіледі.
Оқыту материалдары Ұлттық білім академиясы әзірлеген ресми құжаттар негізінде дайындалған.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласынан 21 400 педагог «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг өнері» атты онлайн курсын сәтті аяқтап, тиісті сертификаттар алды. Бұл республика көлемінде ең ауқымды қамту көрсеткіші болып отыр.
Астана қаласы бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Қалалық білім басқармасы мен Ұлттық білім академиясы бірлесе отырып, оқу процесіне жасанды интеллектіні тиімді енгізу бағытында форсайт-сессиялар өткізуде. Бұл талқылауларға педагогтер, әдіскерлер және білім саласының сарапшылары қатысып жатыр. Жергілікті мектептен үш мұғалім жұмыс тобы құрамына кіріп, тәжірибе бөлісу мен бағыттар айқындауға белсене атсалысуда.
Ұлттық білім академиясы бұл бастаманы білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдерді кезең-кезеңімен енгізудің маңызды қадамы ретінде қарастырады.