«Үздік педагог – 2025» байқауының республикалық кезеңі басталды

Елімізде 25 қыркүйек күні «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының шешуші кезеңі басталды.

Аталған байқау – білім беру саласында кәсіби шеберлігімен ерекшеленген, шығармашыл және жаңашыл ұстаздарды анықтап, олардың еңбегін бағалауға бағытталған маңызды шара.

Биылғы байқаудың аудандық кезеңіне 1468 педагог қатысып, олардың ішінен 793-і облыстық деңгейге өтті. Ал республикалық кезеңде бақ сынауға 174 үздік маман жолдама алды. Олардың қатарында мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері бар.

Байқаудың мақсаты – еліміздің білім беру жүйесін дамытуға үлес қосып жүрген, кәсіби шеберлігі жоғары ұстаздарды қолдау және насихаттау. Биыл қатысушылардың кәсіби жетістіктері, оқытудағы заманауи әдістерді қолдануы және жаңашыл бастамалары басты назарда болмақ.

Байқау барысында педагогтер бірнеше кезеңнен өтеді: портфолио қорғау, ашық сабақ көрсету, кәсіби жетістіктерін таныстыру және педагогикалық идеяларын қорғау. Әділқазылар үміткерлердің жаңашылдығын, кәсібилігін және оқушылармен жұмыс істеу тиімділігін бағалайды.

Айта кету керек, Шымкент қаласынан 80 баллдан жоғары жинаған 7 педагог республикалық кезеңге жолдама алып, өз өңірінің намысын қорғауда.

Байқау жеңімпаздарына «Үздік педагог» құрметті атағы мен 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы табысталатын болады. Жеңімпаздар Республика күні қарсаңында салтанатты түрде марапатталады.

«Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 700-ден астам ұстаз бұл мәртебелі атаққа ие болды.

Биылғы республикалық кезеңнің қорытындысы жыл соңына дейін белгілі болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *