Түркістанда Түркі елдерінің қолөнершілеріне арналған халықаралық қолөнер қалашығы ашылып, «Turkistan World Craft Fest» фестивалі өтті. Бұл шара Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылды.

Биыл Түркістан қаласы World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен ресми түрде «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болды. Осыған орай өткен фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей елдерінен 100-ге жуық, ал Қазақстанның барлық өңірінен 300-ден астам шебер қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қала мәртебесінің артуы ұлттық дәстүр мен туризмді дамытуға серпін беретінін атап өтті.

“Қолөнер қалашығы – бұл тек сауда орны емес, ұлттық өнерді ұлықтап, жастарды үйрететін, тәжірибе алмасатын мәдени орталық. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы екенін тағы бір дәлелдеді”, – деді аймақ басшысы.
Жаңа кешен 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 20 шеберхана, көрме залдары, шоурумдар, мейрамхана мен қонақүй жұмыс істейді. Қалашық жеке инвестиция арқылы салынған.

Шара аясында шеберлік сағаттары, этно сән көрсетілімі, концерттік бағдарламалар мен қолөнер жәрмеңкесі өтті. Ерекше көрініс – 100 керамика шеберінің бір мезетте құмыра жасауы көпшілікті тәнті етті.
Айта кетейік, биылғы алғашқы жартыжылдықта Түркістан облысына 1 миллионнан астам турист келген. Шетелдік туристер саны екі есе өсіп, 23 мыңға жеткен. Негізгі туристер Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия және Қырғызстаннан келген.