Түркістан қаласында Еңбек күніне арналған «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты іс-шара өтті.

Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, еңбек адамдарына құрмет көрсетті.
— Бұл мереке – елдің дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарын ардақтайтын күн. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы кәсібінің мәртебесін көтеру басты мақсатымыз. Осы жылы облыста 130 мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінге дейін 101 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасты. Оның 35 мыңнан астамы – жұмысшы мамандық иелері, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Сондай-ақ, ұлттық жобалар арқылы 3 156 азамат еңбекпен қамтылып, жеке инвестициялар есебінен 1 584 жаңа жұмыс орны ашылған. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 27 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 29 мыңнан аса адам жұмысқа тұрды. Ал 1 788 азамат мемлекеттік грант алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды.
Шара барысында «Парыз – 2025» және «Еңбек жолы – 2025» өңірлік байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында «Казатомпром-SaUran» ЖШС, М. Юлдашев атындағы спорт мектебі, «KAP Logistics» ЖШС, «Көркем Аймақ» ЖШС, сондай-ақ еңбек озаттары Дербисовтер әулеті, Ғалымжан Байдосов пен Гулайхон Ерманова бар.

Іс-шара аясында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 40-қа жуық жұмыс беруші 1000-нан астам бос орын ұсынды. Инженерден бастап IT-маманға дейін 50-ден астам мамандық қамтылды.
Жалпы биыл облыста 64 жәрмеңке өткізіліп, 2 344 азамат еңбекке тартылды. 8 айдың қорытындысы бойынша 100 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 39 ірі кәсіпорында ұйымдастырылған ашық есік күндеріне 7 мыңнан астам оқушы, 5 мыңға жуық колледж студенті және 3 500 жұмыс іздеуші қатысты.