«Mamandyk Fest» халықаралық байқауы өтті

Тараз қаласында халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Mamandyk Fest» байқауы өз мәресіне жетті. Аталған байқау техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының «Сән технологиясы», «Киім дизайны», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер арасында өткізілді. Шараға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің колледж студенттері қатысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – қазіргі қоғамда «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру, жастардың кәсіби дамуына серпін беру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Осы бағытта ұйымдастырылған шара аясында жас дизайнерлер мен тігін өндірісінің болашақ мамандары өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық қабілеттерін паш етті.

Байқауға барлығы 24 қатысушы қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның әр аймағынан және көршілес елдерден келген үздік студенттер болды. Қатысушылардың жұмыстарын бағалаған құзыретті қазылар алқасы модельді орындау шеберлігіне, қолданылған материалдардың сапасына, сондай-ақ ұсынылған дизайнның жаңашылдығы мен креативтілігіне баса назар аударды.

Аталған байқауда Шымкент қаласындағы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» студенті Алтынай Мұхтарқызы жүлделі орынға ие болды. Ол «Заманауи киімде ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Бұл жетістік — Алтынайдың кәсіби дайындығының жоғары деңгейде екенін айқын дәлелдейді.

Марапат — жас дизайнердің ұлттық болмысты заманауи үлгіде шебер жеткізе білгенін көрсетті. Байқау барысында студенттер тек кәсіби біліктіліктерін ғана емес, сонымен қатар шығармашылық ойлау қабілеттерін де таныта алды. Мұндай іс-шаралар білім алушылар үшін тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беріп, болашақ маман ретінде қалыптасуларына ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *