Шымкент қаласында Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Гази университетінің филиалы ашылады. Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында аталмыш университеттің ректоры, профессор Угур Үнал бастаған делегация Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне келіп, жаңа филиалдың ашылуы мен жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Аталған жоба Қазақстан Президентінің жоғары білім беру саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының ел аумағында филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынып отыр.
Гази университеті — Түркияның ең ірі әрі беделді университеттерінің бірі. Айта кетейік, бұл оқу орны «QS World University Rankings by Subject 2024» рейтингінде «Білім беру және кадрларды даярлау» бағыты бойынша әлем бойынша 36-орынды иеленген.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланып, филиалдың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі, оқу бағдарламалары мен кадрлық әлеует мәселелері қарастырылды.
Тараптар Шымкенттегі жаңа оқу орнының халықаралық деңгейдегі білім беруге үлес қосатынына сенім білдірді. Филиалдың ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми, мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, білім сапасын арттыруға және академиялық алмасуды дамытуға елеулі серпін береді деп күтілуде.

Келіссөздер мен құжаттарға ресми түрде қол қойылғаннан кейін профессор Угур Үнал Тарих және педагогика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттеріне арнап ашық дәріс оқыды.
— Тарихты зерттеу — бұл тек өткенді тану ғана емес, сол арқылы қазіргі мен болашақты түсінудің кілті. Тарихшы — ең алдымен шындықты іздеуші. Ол өз көзқарасына немесе идеологиялық ұстанымына емес, тек дерекке, құжатқа, фактіге сүйенуі тиіс. Тарих ғылымы эмоциямен емес, дәлелмен өлшенеді. Әрбір нағыз тарихшы өз халқының тарихын әділ зерттеп, оны бұрмалаусыз жеткізуге міндетті. Бірақ бұл ұлтшылдыққа емес, ұлтты тануға, түсінуге бағытталуы қажет, — деді Угур Үнал.
Профессор тарихи зерттеулердегі кәсібилік, архивпен жұмыс істеу, көне жазбалар мен карталарды талдау әдістемесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, нағыз тарихшы – үнемі оқып, ізденіп, жаңа дереккөздерді табуға ұмтылатын маман.
Кездесу соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ректордан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.