Жол-көлік колледжінде Шымкент қаласы білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және тәлімді тәрбие» тақырыбында мазмұнды семинар өтті.

Іс-шараға Тұран ауданына қарасты мектептер мен колледждердің басшылары, ардагер ұстаздар мен студент жастар қатысты. Жиынды қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Төлебаев жүргізіп отырды. Семинар жұмысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Үсіпбековтің құттықтау сөзімен ашылып, одан әрі «Рухани-танымдық» және «Әдістемелік-тәжірибелік» бағыттар бойынша жалғасын тапты.
Семинар барысында тәжірибелі педагогтер шығармашылық шеберханаларда, психология және жасанды интеллект салалары бойынша білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне тиімді енгізу, сонымен қатар тәрбиелік әлеуетті арттыру жолдарын жан-жақты талқылады.

Жұмыстың интерактивті форматта ұйымдастырылуы семинардың мазмұнын тереңдете түсті. Қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, практикалық әдістерді де игеріп, оларды нақты оқу-тәрбие процесінде қалай қолдануға болатынын тәжірибе жүзінде көріп қайтты.
Семинар аясында Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Б. Найманбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып, терең мазмұнды баяндама жасады.
Мұндай іс-шаралар білім саласының тәжірибелі мамандары мен жас буын арасындағы сабақтастықты нығайтып қана қоймай, заманауи технологиялар мен ұлттық тәрбие құндылықтарын үйлестіре отырып, білім берудің жаңа сапалы деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді.