1-қазан — Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күні

1-қазан – Қазақстанда жоғары білім қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.  Атаулы күнді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті айрықша атап өтті.  

Ұжым қызметкерлерін, оқытушы-профессор қауымын кәсіби мерекемен университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев құттықтады.

— Құрметті әріптестер, университет қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — ҚР Жоғары оқу орны қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сапалы білім беру, ғылымды дамыту және болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолындағы өлшеусіз еңбектеріңізге алғысым шексіз. Бұл мереке бәрімізге ортақ. Себебі әрқайсыңыздың жанашырлықпен атқарған ісіңіз, жауапкершілікпен қараған міндетіңіз — білім ордасының тұрақтылығы мен табысының кепілі, — деді Әлібек Нұрбайұлы.

Жиында оқу-ағарту саласындағы жетістіктері үшін ардагер заңгер Ынтымақ Жәукебаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, Бастауышта оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы Салтанат Анафияева «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М. Жолдықожаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлер мен оқытушыларға университет ректорының Алғыс хаттары табыс етілді.

Мерекелік кеште ҚР Мәдениет қайраткерлері Үрәлхан Сейілбекова мен опера әншісі Ерлан Жандарбай ән шашу тарту етті. Сондай-ақ 1-курс студенттері орындаған әсем әндер кеш көрігін аша түсті.

«Жайдарман КТК» үйірмесінің жетекшісі Тағай Нұралиевтің әзіл-сықағы көрермен көңілін серпілтсе, халықаралық байқаулар лауреаты Мұхамедияр Ораз «O sole mio» әнін орындап,  көпшілікті ерекше күйге бөледі.

Айта кетелік, бүгінде Zhanibekov University–де барлығы 434 оқытушы-профессор бар, оның ішінде 18-ғылым докторы, 172- ғылым кандидаты, 35-РНD, 90-аға оқытушы, 87- оқытушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *