Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап Қазақстанда қосымша білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде.

Қазіргі таңда Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты — оқушыларды шығармашылық, спорттық және білім беру бағытындағы тегін үйірмелер мен секцияларға кеңінен тарту.
— Бүгінде еліміз бойынша 300 мыңнан астам бала ваучер алып, қосымша біліммен қамтылды. Ата-аналар өз балалары үшін үйірме немесе секцияны өздері таңдай алады. Қажет болған жағдайда, құжаттарды қайта тапсырмай-ақ, басқа үйірмеге ауыса алады. Бұл жағдайда ваучердің күші жойылмайды, — деді Тәрбие және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Алтай Рахимберлин.
Жоба «бір бала — бір ваучер» қағидаты бойынша іске асырылуда. Бұл әдіс барлық оқушыға тең мүмкіндік жасауға, үдерістің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсаудың алдын алуға бағытталған.
Бағдарлама Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің бірлескен жұмысымен жүзеге асырылып отыр.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 79 231 бала қосымша білім беру жүйесінің ақпараттық платформасына тіркелген. Оның ішінде:
Жекеменшік ұйымдарда — 30 423 бала;
Мемлекеттік ұйымдарда — 48 809 бала бар.
Жаңа жүйе ата-аналар мен оқушылар арасында үлкен қолдау тауып отыр. Себебі балалар өз қызығушылықтарына сай үйірмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, бұл бастама қосымша білім беру нарығында бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартуға жол ашпақ.