Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Ысқақов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға 10-ға жуық қала тұрғыны қатысып, білім беру саласындағы шешімін таппаған мәселелерін жеткізді. Атап айтқанда, тұрғындар мектептерде спорт зал салу, балабақшаларды жөндеуден өткізу, білім беру мекемелеріне қосымша ғимараттар тұрғызу, сондай-ақ зейнет жасына жеткен мамандардың еңбек келісімшарттарын ұзарту сынды мәселелерді көтерді.
Қабылдау барысында Қуаныш Ысқақов әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, олардың сұрақтарына заң аясында және нақты жауаптар беруге тырысты. Ол көтерілген мәселелердің барлығы білім беру саласындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі екенін атап өтіп, кейбір түйткілдердің шешімі уақытты қажет ететінін де жасырмады.
— «Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе – біз үшін маңызды. Қазіргі таңда білім саласында инфрақұрылымды дамыту, педагог мамандардың жағдайын жақсарту және оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан айтылған мәселелерді ескерусіз қалдырмаймыз. Заңнама аясында шешімін табуға бар күшімізді саламыз,» — деді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының м.у.а. Қуаныш Ысқақов.
Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша басқарма басшысы тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, әр мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарының орындалу барысы бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыратыны да айтылды.
Тұрғындар өз кезегінде білім басқармасының ашықтығына, азаматтардың үніне құлақ асуға деген ниетіне алғыстарын білдіріп, қоғамдық қабылдаудың осындай форматының маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігі мен Шымкент қалалық білім басқармасы халықпен кері байланысты нығайту, қоғамдық бақылауды арттыру және азаматтардың мәселелерін уақытылы шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.