Шымкент ұстазы – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды

Бүгін Ақордада салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін айта келіп, ұстаздық мамандықтың қадірі мен қоғамдағы орнына тоқталды.

— «Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ», — деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде білім беру саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылып, жүйелі реформалар жүзеге асырылған.

— «Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1200 жаңа мектеп салынды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заман талабына сай 150 жаңа білім ошағы ашылды. Тағы 67 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, педагогтердің мәртебесін арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты шаралар қолға алынды. Арнайы заң қабылданды. Бүгінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлмира Шералхан  «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды. Мемлекет деңгейінде берілетін мұндай атақ – педагог мәртебесін көтеруге бағытталған нақты қадамдардың бірі әрі ұрпаққа білім мен тәрбие беруде өлшеусіз үлес қосқан мұғалімдердің еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі.

Гүлмира Шералхан – білім саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда әдістемелік жаңашылдығы, шәкірттермен жұмыс істеудегі жоғары жауапкершілігі және білім сапасын арттыруға қосқан үлесі оны осы биік марапатқа жеткізді. Оның шәкірттері халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда жүлде алып, білім бәсекесінде алдыңғы қатардан көрініп жүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *