Шымкентте мектеп формасына қойылатын талап күшейтілді

Бірыңғай мектеп формасына қатысты талап күшейтілді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдік өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

2025–2026 оқу жылына орай Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында мектеп формасына қойылатын талаптардың сақталуы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қаладағы 62 мектепте (44 мемлекеттік, 18 жекеменшік) 409 оқушы мектеп формасын бұзып, сабаққа орамал тағып келуде.

Барлық білім беру ұйымдарында профилактикалық кеңестер құрылып, ата-аналармен түсіндіру кездесулері өткізілуде. Ереже сақталмаған оқушылар мектепішілік есепке алынып, ата-аналарының жауапкершілігі қаралуда.

— «2024–2025 оқу жылында 74 мектепте 563 оқушы форма талабын бұзған. 326 ата-анаға қатысты құжаттар тиісті органға жолданып, 90 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 27 ата-анаға айыппұл салынып, 63-іне ескерту берілді. Алдағы уақытта ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 409-бабы 2-тармағына сәйкес, ата-аналарға шара қолдану жалғасатын болады», — деді қала әкімінің орынбасары, әкімдік өкілі  Сәрсен Құранбек.

Ол мектеп формасы – тәртіп пен білім сапасын қамтамасыз етудегі маңызды талап екенін атап өтті. Ата-аналарды балалардың мектеп ережелерін сақтауға үлес қосуға шақырды.

Брифинг барысында, сондай-ақ, «Шымқала қамқор» әлеуметтік жобасы таныстырылды. Жоба аясында зейнеткерлерге театр, мәдениет және спорт нысандарына тегін немесе жеңілдікпен кіру мүмкіндігі ұсынылады.

Тіл саясаты да назардан тыс қалмады. Биыл 16 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан зерделеніп, 2 380-інде мемлекеттік тіл нормасына сай келмейтін көрнекі ақпарат анықталған. «Мадлен», «Мизам» сынды дәмханалардың мәзірлері түзетілді. Заң талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынатыны ескертілді.

Қалада Қажымұқан стадионы жаңғыртудан өтіп, халықаралық талаптарға сай жарыстарды қабылдай алатын деңгейге жеткені атап өтілді. Қазан айындағы Қарттар күні, Ұстаздар мерекесі және Республика күніне орай жоспарланған іс-шаралар жаңарған нысандарда өтетіні хабарланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *