Шымкентте Smart City технологиялары мен әуежай инфрақұрылымы дамуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды. Аталған құжат аясында барлық бастамалар мен жобалар жалпыұлттық цифрлық стратегиямен үйлестірілетін болады.

Осы бағытта Шымкент қаласында халықаралық деңгейдегі «Dahua Technology», «HikVision» сынды жетекші компаниялармен smart city, қауіпсіздік және цифрлық инфрақұрылым салаларында өзара әріптестік орнатылды. Тиісті келісімдерге қол қойылып, қала инфрақұрылымына заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізу басталды. Бұл бастамалар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, көлік қозғалысын реттеуге және қалалық қызметтерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әуе көлігі саласында да ілгерілеушілік байқалады. Шымкент халықаралық әуежайы KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірін иеленіп, ресми түрде Еуропаның RA3 деректер базасына енгізілді. Бұл мәртебе арқылы әуежай Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдауды транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жүзеге асыру құқығына ие болды. Бұл – Шымкенттің логистикалық әлеуетін арттырып, аймақтың халықаралық саудадағы рөлін күшейте түседі.  Алдағы уақытта жүк тасымалдау көлемін ұлғайту, авиациялық қызмет сапасын жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар жалғасады.

Жаңа технологияларды енгізу қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, қызмет көрсету деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, цифрландыру жобалары экономикаға серпін беріп, инвестиция тартуға ықпал етеді. Осы шаралар Шымкентті өңірлік инновациялық хабқа айналдыруға бағытталған маңызды стратегиялық қадамдар болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *