Ұстаздар күніне орай Шымкентте үздік педагогтер марапатталды

Бүгін, 5 қазан – Ұстаздар күні. Осы айтулы күнге орай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қаладағы білім беру саласының үздік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, арнайы марапаттар табыстады.

Еңбегімен дараланған педагогтер «Еңбек ардагері» медалімен, «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ қала әкімінің және қалалық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – ұстаздық жолдағы жанкешті еңбек пен кәсіби шеберлікке берілген лайықты баға.

«Мұғалім – адам тәрбиелейтін ең жауапты мамандық. Біз ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудағы шешуші буын», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында елімізде мұғалімдерге жасалып жатқан қолдау шаралары олардың қоғамдағы беделін арттырып, кәсіби қызметіне серпін беріп келеді. Қала мектептерінде мыңдаған мұғалім жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етуде.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ұстаздарға жүрекжарды тілегін жеткізді:

«Қадірлі ұстаздар!
Сіздердің бала жүрегіне жол таба білетін ізгілікті істеріңіз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз – ел болашағы үшін жасалып жатқан баға жетпес еңбек. Шәкірттеріңіздің табысы мен азаматтық белестері – сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің жемісі. Осы қуанышты мереке күні әрбір ұстазға алғыс айтып, шығармашылық шабыт, мықты денсаулық, отбасылық бақ-береке, шәкірт махаббаты мен кәсіби табыстар тілеймін!» – деді ол өзінің әлеуметтік желідегі Х парақшасында.

Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінде 32 224 педагог қызмет етеді. Оның ішінде ерлер – 4947 (15,3%), әйелдер – 27 295 (84,7%).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *