«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру инфрақұрылымы жаңарып келеді

Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 жаңа білім ұясы пайдалануға берілді. Бүгінде он мыңдаған шәкіртке сапалы білім беруде.

Атап айтқанда:

Абай ауданында – 4 мектеп (№140, 141, 146, 149),

Еңбекші ауданында – 2 мектеп (№142, 150),

Қаратау ауданында – 4 мектеп (№143, 144, 145, 151),

Тұран ауданында – 1 мектеп (№147),

Әл-Фараби ауданында – 1 мектеп (№148) орналасқан.

Бұл білім ошақтары қазіргі заманның талабына сай жаңашыл білім беру кеңістігі ретінде құрылып отыр. Мектептердің барлығы заманауи жиһаздармен, интерактивті құралдармен, оқу кабинеттері мен пәндік зертханаларға арналған толық техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Инновация мен қауіпсіздік — басты назарда

«Жаңа мектептерде робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, төрт бірдей спорт залы, сондай-ақ алғашқы әскери дайындыққа арналған ашық алаңдар қарастырылған. Мұндай кеңістік – оқушылардың жан-жақты дамуына, ал мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне зор мүмкіндік береді»,-дейді Шымкент қаласы білім басқармасы №143 жалпы орта білім беретін мектеп директоры Мейра Сүлейменова.

Білім ордаларында қауіпсіздік жүйелері күшейтілген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – «Келешек мектептері» ұлттық жобасының басты басымдықтарының бірі.

Жаңа мазмұн – жаңаша тәсіл

Мұғалімдер сабақ барысында интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды пайдалана отырып, әр оқушының жеке қабілеті мен қызығушылығына сай оқыту әдістерін қолдануда.

Сонымен қатар мектептерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі енгізілген. Мұндағы тәрбие жұмыстары тек үлгілі оқушыны ғана емес, қоғамға пайдалы, жауапкершілікті сезінетін тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Экологиялық мәдениет – ұрпақ санасында

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған білім ошақтарында балалардың бойында экологиялық мәдениет пен табиғатқа жанашырлық сияқты құндылықтар жүйелі түрде қалыптастырылады. Бұл – Президенттің «Таза Қазақстан» ұлттық идеясын білім беру деңгейінен бастап жүзеге асыруға негіз болуда.

Шымкенттегі жаңа мектептер – ел ертеңін тәрбиелейтін заманауи, қауіпсіз әрі сапалы білім ордалары. Ұлттық жобаның жемісі ретінде ашылған бұл білім ошақтары болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *