Ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалтуға жасанды интеллект көмектеседі дегенге сену қиын шығар. Алайда, бұл бүгінде Шымкент қаласындағы №8 балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында шындыққа айналды. Мұнда аутизм спектрі бұзылған балалармен роботтар жұмыс істейді. Арнайы бағдарламаланған құлтемірлер ерекше балалардың тілін табуға, ой-өрісін кеңейтіп, сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесіп жүр.

Мұндай инновациялық әдіс қазір қаладағы барлық мемлекеттік оңалту орталықтарында енгізіліп, оң нәтижесін бере бастаған.
«Балам сөйлей бастады – бұл мен үшін ең үлкен бақыт»
Жеті жасар Әлимансұрдың анасы Гүлнәр Елемесова баласының бойындағы оң өзгерістерге қуанады. Ол ұлының сөйлеу қабілетінің артуын дәл осы робот терапиямен байланыстырады.
– Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін құрылғының көмегімен баламның зейіні ашылып, айналасына деген қызығушылығы оянды. Бұрын аса белсенді, тіпті кейде өзіне де, өзгеге де зиян келтіретін. Қазір түсінігі пайда болып, сөйлеуге талпынуда. Бұл – біз сияқты ата-аналар үшін үлкен үміт, – дейді қала тұрғыны Гүлнәр Елемесова.
147 бала – кешенді оңалту бағдарламасында
Орталықта қазір ойлау қабілеті, сөйлеу тілі мен есте сақтау жүйесінде ауытқуы бар 147 бала оңалтудан өтуде. Робот терапиядан бөлек, балалар сенсорлы бөлмелерде, тұз шахтасында, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған AВА терапиясы арқылы ем қабылдайды. Оларға логопедтер, дефектологтар және психолог мамандар тұрақты түрде сабақ жүргізеді.
Орталық басшысы міндетін атқарушы Жазылбек Жұмаханов қызмет сапасының артуын мамандардың біліктілігімен байланыстырады:
– Заманауи әдістерді меңгеріп отыру үшін қызметкерлерімізді арнайы курстарға жіберіп тұрамыз. Олар жаңа әдістемелерді игеріп, балалармен жұмыс жүргізудің заманауи жолдарын тәжірибеге енгізуде, – дейді ол.
Инклюзивті білім – өңірлік басым бағыт
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 13 651 бала инклюзивті біліммен қамтылған. Бұл – арнайы бағдарламалар мен орталықтар жүйесінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Биыл қалада қосымша 4 жаңа коррекциялық орталық ашу жоспарланған. Білім басқармасы да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі үйлестіріп отыр.
Бөлім басшысы Ақжарқын Тұрсынова мекемелердің материалдық-техникалық базасы мен ата-аналарға көрсетілетін қолдау туралы атап өтті:
– Орталықтар заманауи технологиямен жабдықталған. Мұнда балалардың даму диагностикасы жасалып, жетістігі тұрақты бақыланады. Сонымен қатар, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі, – дейді басқарма өкілі.
Робот терапиясы – ерекше балаларды қоғамға бейімдеудің жаңа бетбұрысы. Технология мен педагогиканың үйлесімі оң нәтижесін бере бастады. Ең бастысы – бұл әдіс ата-аналарға үміт, балаларға мүмкіндіктің есігін ашуда.