Елдік бастама – өңірлік серпін

2025 жыл — «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына тың серпін берді. Мемлекет басшысының бұл бастамасы экономиканың нақты секторына қажетті білікті жұмысшы кадрларын даярлауға жаңа бетбұрыс жасап отыр.

Шымкент қаласы бұл бағытта жүйелі жұмысқа кірісіп, өңірлік еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, жаңа мамандықтар базасын қалыптастыру жұмысын бастап кетті. Жергілікті билік пен білім беру ұйымдарының өзара ықпалдастығы нәтижесінде колледждер мен өндіріс орындары арасында байланыс күшейіп, жұмысшы мамандықтарды нақты кәсіби тәжірибе арқылы меңгеру мүмкіндігі артып келеді.

Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша арнайы талдау жүргізіліп, соған сәйкес логистика, аяқкиім ісі және киім дизайны сынды бағыттарға лицензия берілді. Бұл — өңірдің экономикалық қажеттіліктеріне сай кадр даярлау жұмысы жүйеленіп келе жатқанын көрсетеді.

– Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтарын дамытудың басты қағидаты — сұраныс пен ұсыныстың нақты үйлесуі. Яғни, колледж түлектері оқуды аяқтаған бойда жұмысқа тұрып, ел экономикасына үлес қосуы қажет. Осы мақсатта жаңа мамандықтар ашылып, оқу бағдарламалары өңірлік қажеттілікке қарай бейімделуде, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының мамандары.

Сонымен қатар, колледждер жанынан мини орталықтар мен кәсіпорындар құру арқылы оқу мен өндірісті біріктіру, яғни білімді коммерцияландыру бағыты қолға алынған.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында орта мектеп түлектері де назардан тыс қалмай отыр. Биылғы жылы Шымкенттегі колледждер базасында 44 оқушы (9 және 11-сынып) арнайы кәсіби курстардан өтіп, аттестатпен қатар алғашқы жұмысшы мамандығы бойынша диплом алды.

Бұл бастама оқушыларды ерте жастан еңбекке бейімдеп, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға жол ашуда. Сонымен қатар, колледждерде оқуға түспейтін, бірақ еңбекке ерте араласқысы келетін жастар үшін де бұл — нақты мүмкіндік.

Шымкенттік студенттер тек өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де өзінің білім-білігін дәлелдеп келеді. Биыл республикалық «TOP 100 STUDENT» жобасында екі бірдей шымкенттік студент жеңімпаз атанып, өңір мерейін үстем етті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *