Шымкентте мұғалімдерге арналған кәсіби бағдар іс-шарасы өтті

Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес, оқушылардың мамандық таңдауына ықпал ететін мұғалімдерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.

Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, педагогтердің кәсіби бағдар беру саласындағы құзыреттілігін арттыру және оқушыларға дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беруді күшейту мақсатында арнайы әдістемелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға «Mansap Management» орталығының сертификатталған коуч-профориентолог мамандары, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы кәсіби бағдар саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандар шақырылды. Сонымен қатар, мектептердің кәсіби бағдар беруге жауапты педагогтері мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да белсенді түрде қатысты. Осы салаға тікелей жауапты мамандардың бір алаңда бас қосуы білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар жұмыстарын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.

Жиын барысында қатысушыларға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген педагог-кәсіби бағдар берушілерге арналған әдістемелік нұсқау хат негізінде толыққанды ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, оқушылардың жеке қабілеті мен қызығушылығын зерттеу алгоритмдері, кәсіби мінез-құлықты анықтау әдістері, білім алушылардың болашақ мамандыққа бейімділігін талдаудың тиімді жолдары түсіндірілді.

Сонымен бірге, Шымкент қаласындағы «1000 бейінді сынып» ұлттық жобасына енген 25 білім беру мекемесінің негізгі функциялары, бейінді сыныптарды ашудың мақсаты мен міндеттері жан-жақты талқыланды. Бұл жоба аясында жоғары сынып оқушыларына тереңдетілген бағыттық білім беру, болашақ мамандыққа ертерек бейімдеу, еңбек нарығындағы сұранысқа ие салаларға бағыттау жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

Іс-шара барысында халықаралық емтихандар бойынша да құнды ақпараттар берілді. Атап айтқанда, IELTS және SAT тесттерін тапсыру тәртібі, дайындалу әдістері, қажетті ресурстар мен сертификаттардың маңызы жөнінде мамандар тәжірибелерімен бөлісті. Бұл ақпараттар оқушыларды шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау бағытында жұмыс істейтін мұғалімдер үшін аса құнды болды.

Айта кетейік, “Бейінді сынып” жобасы аясында Шымкент қаласынан 25 білім беру мекемесінен 35 сынып қатысып отыр. Бұл сыныптарда жалпы саны 885 оқушы білім алуда. Олар жаратылыстану-математикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, технологиялық бағыттар бойынша тереңдетілген білім алып, болашақ мамандықтарына ертерек бейімделуде.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *