Шымкенттік колледж – «TurkicSkills 2025» чемпионатында үздік атанды

Ақтау қаласында “Жұмысшы мамандықтары жылы” аясында алғаш рет «TurkicSkills 2025» І Халықаралық шеберлік чемпионаты өтті. Білім бәсекесінде Венгрия, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген 53 қатысушы бақ сынады.

Чемпионат 10 құзыреттілік бойынша өтті. Атап айтқанда, бизнеске арналған ІТ шешімдер, веб-технологиялар, дрондарды басқару, графикалық дизайн, сантехника және жылыту, электромонтаж, дәнекерлеу, автокөлік жөндеу, аспаз ісі және сән технологиясы бағыттарында үздік мамандар анықталды.

Байқау бағдарламасы тек кәсіби жарыстармен шектелмей, инновациялық көрмелерді, «Педагогтерді трансформациялау орталығы» тренингін, «Caspian» халықаралық фестивалін және дрон технологияларына арналған семинарларды қамтыды. Төрт күнге созылған бұл дода жас мамандардың тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін жетілдіруіне зор мүмкіндік берді.

Чемпионаттың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, тәжірибе алмасу, кәсіби дайындық стандарттарын жетілдіру және түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

Айта кетерлігі, техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күні аясында Шымкент қаласындағы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» «Үздік сән және дизайн колледжі» номинациясын иеленді. Бұл жетістік – колледж директоры Тагаева Гүлмира Жабпарқызының көреген басшылығы мен ұжымның табанды еңбегінің нәтижесі.

– Бұл марапат – біздің білім сапасын арттыруға, шығармашылық әлеуетті дамытуға және кәсіби мамандар даярлау ісінде үздік тәжірибені қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі, – дейді колледж басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлерде еңбек адамының мәртебесін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен бұл халықаралық чемпионат – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі саналады.

Тарихтың барлық кезеңінде жұмысшы мамандықтары экономиканың берік тірегі болған және бола бермек. TurkicSkills 2025 чемпионаты түркі мемлекеттері арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың жаңа белесін ашып, талантты жастардың шеберлігін шыңдайтын тиімді алаңға айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *