ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті

Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен кездесті.

Жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып жүргізді. Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттер талқыланды. Сондай-ақ саяси құжатта көрсетілген тапсырмаларды орындауда Ассамблея белсенділерінің әлеуетін тиімді пайдалану жайы сөз болды.

Марат Әзілханов елдің тұрақты дамуы үшін ішкі бірлікті сақтау мен этносаралық татулықты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс әрбір азаматтың ортақ борышы болуы тиіс.

– Бұған дейінгі кездесулерде көбіне мен сөйлеп келемін. Ал бүгін сіздерді тыңдау үшін келдім. Ассамблеяның қызметіне, атқарып жатқан жобаларға қатысты ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз болса, ашық айтыңыздар, – деді Марат Алмасұлы.

Жиында қалалық ғылыми және этномәдени қауым өкілдері сөз алды. Олардың қатарында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы Шолпан Торғаутова, педагогикалық университеттің департамент директоры, ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Қайрат Анарбаев, Этномедиация кеңесінің төрайымы Дана Кенжеқұлова, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев және Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев бар.

Кездесу соңында қалалық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Рамазан Матаев пен өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Шухрат Рузметов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Жұмабек Тәшенев университетінің ректоры Қанат Байболов, Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева және әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі Адиль Алиевке ҚХА-ның Алғыс хаттары табысталды.

Жиынды қорытындылаған Марат Әзілханов барлық пікір мен ұсыныстың ескерілетінін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *