Марат Әзілханов: «Ассамблея жастары жалпыұлттық бірегейлікті дәріптеуде алдыңғы сапта болуы тиіс»

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Достық үйінде жаңғыртудан өткен этномұражайды аралап, жергілікті этнос өкілдерінің қолдауымен жиналған құнды жәдігерлермен танысты. Ол мәдени мұраның жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.

Одан кейін Комьюнити орталығында өткен кездесуде «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық өкілдігі мүшелерімен жүздесті. Кездесу барысында «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев ұйым қызметінің бағыттары мен жетістіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, еліміздегі үшінші мегаполис жастары қоғамдық бастамаларда белсенділік танытып келеді. Тамыз айында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Біз біргеміз» жастар лагері сәтті өткен. Ал Достық үйі базасында ашылған комьюнити орталығы ұйым жұмысына жаңа серпін бермек.

Марат Әзілханов белсенді жастармен еркін форматта пікірлесіп, қазақстандық патриотизмді дамыту, мемлекеттік тілді дәріптеу, экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы жобаларға назар аударды. Сондай-ақ жастардың «Жаңа толқын» және «Таза Қазақстан» секілді әлеуметтік бастамаларға тұрақты қатысуының маңызын атап өтті.

– «Ассамблея жастары» – жалпыұлттық бірегейлікті дәріптеуде алдыңғы сапта болуы тиіс. Ассамблея ел жастарын қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегіне топтастырып келеді. Біз жастармен бірлесе отырып, қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайту жолында жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз, – деді Марат Алмасұлы.

Кездесу соңында ҚХА Төрағасының орынбасары бірлесе атқарылатын алдағы жоспарларға тоқталып, белсенді жастарға алғыс білдірді. Ол «Ассамблея жастары» Шымкент қалалық өкілдігінің мүшелері Нұрболат Мейірбеков, Муроджан Ирисметов, Шахнозабону Жаналиева, Асия Манапова және Ибрахим Висхановқа Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарын табыстады.

Кездесу соңында ұйым мүшесі Акрам Ирисметов домбырамен әсем ән орындап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *