Түркістанда «Таза Қазақстан» сенбілігі өтті

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту және қала аумағын көгалдандыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Облыс бойынша өткен шараға 50 мыңнан астам тұрғын қатысып, 17 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Экологиялық бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те белсенді түрде атсалысты. Аймақ басшысы Түркістандағы «Парасат» саябағында ағаш көшеттерін отырғызып, қоғам өкілдерімен және жастармен бірге табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы бәріміз үшін маңызды. Қоршаған орта таза болса – қоғам да тазарады. Ағаш отырғызу мен табиғатты күтіп ұстау әр азаматтың борышы болуы тиіс. Бүгінгі іс-шараға белсенді қатысқан ардагерлерге, жастарға және тұрғындарға алғыс айтамын, — деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Сенбілік аясында «Парасат» саябағында 120 түп ағаш егілді. Белсенділік танытқан тұрғындар қатарында мәдениет саласының ардагері Ұлжан Мұстафаева да бар.

— Бүгін қаладағы аға буын өкілдері мен аналар алқасының мүшелері осында жиналып, туған қаламызды көркейтуге үлес қосудамыз. Немеремді де ертіп келдім. Барша түркістандықтарды табиғатты аялауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді қатысуға шақырамын, — деді Ұлжан Мұстафаева.

Облыс аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жасыл желекті арттыру бағытындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *