Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы Ботаникалық саябақта ерікті және белсенді жастармен бірге ағаш екті.

Мемлекет басшысы «Jasyl El» ұйымының белсенділерімен әңгімелесіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрген жастарға алғыс айтты.

– Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен, ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. «Jasyl El» ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар сіздерден үлгі алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл күні Шымкент қаласында да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана» шағын ауданында көшет отырғызу жұмысына қатысты. Іс-шара барысында мегаполис басшысы мұндай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

– Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамның бірлігін нығайтады. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен әсем келбетіне үлес қосуы тиіс, – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкент қаласының орталық көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ аулаларда ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаралар жасыл инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, жалпыұлттық іс-шара аясында биыл республика аумағында 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған. Егілген ағаштар еліміздің көгалдандыру жүйесін толықтырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастырады.