АҚШ-та ғылыми тағылымдамадан өтуде

Бүгінгі таңда ғылым мен технология саласында халықаралық тәжірибе жинақтау – заманауи зерттеушілер үшін басты басымдықтардың бірі. Әсіресе жас ғалымдардың цифрлық даму, жасанды интеллект (AI) және деректерді талдау бағыттарындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру елдің инновациялық әлеуетін күшейтудің маңызды бөлігі болып саналады. Осы тұрғыда «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы еліміздің ғылыми кадрларын әлемдік деңгейде даярлауға зор мүмкіндік беріп отыр.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық универтитетінің  аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Кәмшат Жамалова бүгінде осы бағдарламаның қатысушысы ретінде АҚШ-тың әйгілі Иллинойс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Оның зерттеу бағыты – «Деректер туралы ғылым және машиналық оқыту (Data Science and Machine Learning)». Тағылымдама 12 айға жоспарланып, қатысушыға осы саладағы соңғы жетістіктер мен әдістемелерді терең меңгеруге жол ашып отыр.

Үш айдың ішінде Кәмшат Жамалова бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Ол халықаралық сарапшылармен бірлесіп, деректерді өңдеу мен машиналық оқытудың заманауи тәсілдерін тәжірибеде қолдануды үйренуде. Сонымен қатар, ғалым университеттің зерттеу орталығында жас ғалымдармен бірлескен жобалар жүргізіп, қазақстандық жоғары білім жүйесіне енгізуге болатын тиімді модельдерді зерделеуде. Бұл бағыттағы тәжірибе болашақта елдегі цифрлық трансформация үдерістерін жетілдіруге септігін тигізбек.

Бағдарлама қатысушылары үшін басты мақсат – тек техникалық білімді меңгеру ғана емес, сонымен қатар, аналитикалық ойлау мен сыни талдау қабілеттерін дамыту. Кәмшат Жамалованың айтуынша, тағылымдама барысында деректер ғылымының мемлекеттік басқарудағы рөлі ерекше назарда. Ол осы бағытта өткізілген ғылыми семинарларда екі баяндама жасап, халықаралық қауымдастық алдында өз зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Семинарлардың бірі – «Көптілді іздеумен толықтырылған оқыту жүйелері (Retrieval-Augmented Generation – RAG)» тақырыбына арналды. Бұл бағыт қазіргі жасанды интеллект технологияларында кеңінен қолданылып жатқан тәсілдердің бірі болып табылады. Екінші семинар «Цифрлық әлемдегі машиналық оқытудың рөлі: мемлекеттік басқаруды цифрландыруда деректер ғылымы мен машиналық оқытуды қолдану» тақырыбында өтті. Мұнда ғалым мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруда AI шешімдерінің маңызын талқылап, қазақстандық тәжірибемен салыстырмалы талдау жүргізді.

Жалпы, мұндай тағылымдамалар тек жеке ғалым үшін ғана емес, бүкіл отандық ғылым үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі халықаралық тәжірибе мен жаңа білім елдің ғылыми әлеуетін көтеріп қана қоймай, ұлттық экономиканы цифрландыру, өндірістік процестерді оңтайландыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу ісінде нақты нәтижелерге жетелейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *