Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Баршагүл Исабек Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен «Hazar» университетінің Түркі дүниесі әйелдерінің халықаралық ІІ конференциясына қатысты.

Бұл шара түркі халықтарының нәзікжанды тұлғалары мен олардың қоғамдағы рөлін насихаттау арқылы бауырлас елдер арасындағы бірлікті нығайтуға бағытталған.
Конференцияны «Ұмай Ана» Түркі дүниесі әйелдерінің бірлігі ұйымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Муалла Үйдү Югел (Mualla Uydu Yugel) ұйымдастырды. Ауқымды жиынға 63 мемлекеттен делегациялар қатысты.
Баршагүл Қашқынқызы Қазақстаннан шақырылған екі қатысушының бірі ретінде «Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары әйелдерінің тарихы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
— 1926 жылы түркі зиялылары Бакуде бас қосып, латын әліпбиіне көшу жөнінде бастама көтерген еді. Сол тарихи сәттен кейін ғасырдан аса уақыт өткен соң, бауырлас елдер бірлігін көксеген осындай маңызды жиынға қатысу – үлкен қуаныш әрі тарихи оқиға, — деді Баршагүл Исабек.
Қазақстандық өкіл конференциядан кейін таңдаулы жеті қатысушының бірі ретінде Әзірбайжан Парламентінің қызметімен танысты. Делегация мүшелері сондай-ақ елдің тарихи-мәдени нысандарын аралады.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған конференция аясында профессор Муалла Үйдү Югелдің «Түркі дүниесіндегі тұңғыш әйелдер» атты кітабы жарық көрді. Еңбекке қазақтың да бірқатар қайраткер қыз-келіншектері енгізілген.
Ғылым, білім және бизнес саласында жетістікке жеткен түркі елдерінің әйелдерін тоғыстырған бұл жиын бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды тереңдетуді мақсат етеді.
Айта кетерлігі, профессор Муалла Үйдү Югел енді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де дәріс оқуға шақырылды. Түркиялық ғалымның тәжірибесі мен ғылыми көзқарасы университеттің білім беру және зерттеу әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатыны сөзсіз.