Табиғатты аялау мәдениеті мектептен басталады

Қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялау бүгінде білім беру жүйесінің маңызды бағытына айналды. Бұл бастама Шымкент қаласындағы мектептерде де табысты жүзеге асып келеді.

Қала мектептерінің оқу жоспарларына экологиялық бағыттағы үлгілік бағдарламалар енгізіліп, оқушылардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биология, география және жаратылыстану пәндерінде экожүйелерді сақтау, жаһандық жылыну, ресурстарды тиімді пайдалану және биоалуантүрлілікті қорғау сияқты өзекті тақырыптар қамтылған.

Оқушылар экологиялық мәдениетті тәжірибе жүзінде меңгеру үшін түрлі жобалар мен үйірмелерге қатысуда. Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Экология, өлкетану және туризм орталығы» мектептермен бірлесе жұмыс істеп, «Жасыл клуб», «Жасыл желек» сияқты үйірмелердің дамуына ықпал етіп келеді.

Үйірме мүшелері сенбіліктер ұйымдастырып, ағаш отырғызу, аумақты көгалдандыру, қалдықтарды сұрыптау және энергияны үнемдеу жобаларын жүзеге асыру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуда.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары «Таза Қазақстан», «Жасыл мектеп», «Эко-Сағат» сияқты республикалық және қалалық деңгейдегі экологиялық акцияларға белсенді қатысып келеді.

Жыл сайын экологиялық бағыттағы «Табиғатты аяла», «Алтын қазына», «Менің Отаным – Қазақстан» сияқты қалалық іс-шаралар өткізіледі. Бұл жобалар оқушылардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, табиғатты қорғауға деген азаматтық көзқарасын қалыптастырады.

Дегенмен, кейбір мектептерде әдістемелік құралдардың жеткіліксіздігі мен материалдық-техникалық базаның әлсіздігі бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігіне кедергі келтіруде. Соған қарамастан, экологиялық тәрбие беру ісі кезең-кезеңімен жетілдіріліп, жаңа мазмұнмен толығып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *