Шымкентте мектепке дейінгі білімнің сапасы артып келеді

Шымкент қаласында мектепке дейінгі білім берумен балаларды қамту жоспары 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 89 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 96 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта нақты нәтижелер бар: биылдың өзінде қалада 12 жаңа балабақша ашылса, соңғы бес жылда мектепке дейінгі ұйымдар саны 105-ке артқан.

Мектепке дейінгі білім беру саласындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – Шымкенттің республикада ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын алғашқылардың бірі болып іске қосуы. Бұл жүйе балабақшалар арасында ашық бәсекелестік орнатып, балаларды есепке алу тетігін нақтылады. Нәтижесінде 65 858 ваучер беріліп, 1 041 балабақшаға келмейтін бала анықталып, тізімнен шығарылды. Осы шараның арқасында бюджеттен 700 миллион теңгеге жуық қаржы үнемделді.

2027 жылдан бастап балабақшаларды міндетті түрде лицензиялау енгізіледі. Бұл талап мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің сапасын бақылауды күшейтеді деп күтілуде.

Ата-аналарға әдістемелік және психологиялық қолдау көрсету мақсатында қалада 112 консультациялық пункт жұмыс істейді, жыл соңына дейін тағы 15 жаңа пункт ашу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, ата-аналардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру үшін министрлік бастамасымен «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы пилоттық режимде іске қосылды. Қосымша арқылы ата-аналар балалардың денсаулығы, тамақтануы мен тәрбиесіне қатысты пайдалы кеңестер мен нұсқаулықтарды ала алады.

Саланы басқару тиімділігін арттыру бағытында «Мектепке дейінгі ұйымның педагог-көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылмақ. Жоба балабақша басшыларының кәсіби және басқарушылық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Шымкенттің мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесін беруде. Ваучерлік жүйе ашықтықты қамтамасыз етсе, лицензиялау сапаны арттыруға жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *