Қаржы – бүгінгі қоғамның өмір тамыры. Табысты болудың, өз мүлкің мен мүмкіндігіңді дұрыс басқарудың кілті – қаржылық сауаттылықта. Осы мақсатта 2025 жылғы 10–20 қазан аралығында Қаржылық мониторинг агенттігі «Заң мен Тәртіп» және «Адал Азамат» тұжырымдамаларын іске асыру аясында, «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы мен «Халық Банкі» АҚ-ның қолдауымен республикалық «ФинIQ» қаржылық қауіпсіздік диктанты өтуде.

Қазіргі таңда цифрлық төлемдер мен онлайн қызметтердің кеңеюі халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды талап етеді. Себебі алаяқтық тәсілдер күн сайын түрленіп, қарапайым азаматтардың жеке қаражатына қауіп төндіруде.
Міне, дәл осындай жағдайда қаржылық қауіпсіздік білімін жетілдіру – әр азаматтың жеке қорғаныс қалқанына айналады.
«ФинIQ» диктантының басты мақсаты – халықты қаржылық сауаттылық негіздерімен таныстыру, жауапты шешім қабылдауға, өз қаржысын тиімді басқаруға және түрлі алаяқтық схемалардан қорғануға үйрету. Бұл бастама қоғамда қаржылық мәдениетті қалыптастырып, азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Диктант онлайн-тестілеу форматында өткізіледі. Қатысушылар тесті смартфон, планшет немесе компьютер арқылы оңай тапсыра алады. Арнайы әзірленген тапсырмалар күрделілік деңгейі бойынша бөлініп, кез келген жастағы азаматқа – мектеп оқушысынан бастап зейнеткерге дейін – қатысуға мүмкіндік береді.
Қызығы сол, диктантты бірнеше рет өтуге болады. Бұл қатысушыларға өз қателіктерін түзетіп, білімін жетілдіруге жол ашады. Сонымен қатар, алдын ала оқу материалдарымен танысып, тестке дайындалуға мүмкіндік бар.
Диктант аяқталған соң барлық қатысушыға арнайы электронды сертификат табысталады. Ал ең жоғары ұпай жинап, тестті ең қысқа уақытта аяқтаған азаматтар «Халық Банкі» АҚ-ның арнайы сыйлықтарымен марапатталады.
«ФинIQ» республикалық диктанты – әр азаматтың өз білімін сынап, жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік беретін тиімді құрал. Онлайн форматтағы диктантқа қатысу өте оңай. Смартфон немесе компьютер арқылы тіркеліп, бірнеше минут ішінде тапсырмаларды орындаңыз. Нәтижесінде сіз өз қаржылық білім деңгейіңізді бағалап қана қоймай, өміріңізге пайдалы жаңа ақпарат аласыз.
https://amlacademy.kz/finiq