Шымкенттік түлекке әлемнің 74 университеті қызығушылық танытты

Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты 11-сынып оқушысы Дастан Рақыманберді халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен ерекшеленіп, әлемнің 12 еліндегі 74 беделді жоғары оқу орнынан ресми шақырту алды.

Дарынды жас SAT емтиханынан 1480 балл жинап, IELTS бағдарламасы бойынша 7.0 нәтижесін көрсетті. Бұл көрсеткіштер оның академиялық дайындық деңгейінің жоғары екенін аңғартады.

Дастан ғылымға қызығушылығын мектеп қабырғасынан бастап танытты. 8-сыныпта астрономия командасының құрамына еніп, оқу-жаттығу жиындары мен олимпиадаларға қатысты. Сол жылы республикалық астрономия бағытындағы ғылыми жоба байқауында ІІІ орын, республикалық астрофизика олимпиадасында 8–9-сыныптар арасында І орын иеленді. Сонымен қатар халықаралық құрамаға іріктеу кезеңіне қатысып, жетістіктері үшін қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

9-сыныпта жаратылыстану пәндері бойынша қалалық ғылыми жоба байқауында ІІІ орын алып, жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанды. Нәтижесінде республикалық кезеңге жолдама иеленді. Осы уақытта халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» жобалар конкурсына қатысып, келесі жылы өз көрсеткішін едәуір жақсартты.

10-сыныпта халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» конкурсында ІІІ орынға ие болды. Сонымен бірге математика пәнінен қалалық олимпиадада жүлдегер атанып, Қазақстан Білім Олимпиадасы қатысушысы болды.

IT және инновация бағытына да белсенді араласқан оқушы командасымен бірге 5 халықаралық және 8 республикалық хакатонға қатысты. Республикалық деңгейдегі байқаулардың барлығында жүлделі орын иеленіп, халықаралық додада да жоғары нәтиже көрсетті. Олардың қатарында NASA ұйымдастырған халықаралық хакатон бар.

11-сыныпта жоғары оқу орындарына түсуге дайындалумен қатар, білім сайыстарына қатысуын жалғастырды. Республикалық Қазақстан Білім Олимпиадасы аясында грамота иегері атанып, екі республикалық хакатонда үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанда алғаш ұйымдастырылған қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІ орын алды.

Білім саласындағы табыстарымен қатар, соңғы үш жылда 40-тан астам волонтерлік іс-шараға қатысып, арнайы сертификаттар иеленді.

Дастан Рақыманбердінің жетістігі — талап пен табандылықтың айқын көрінісі. Оның еңбегі қазақстандық жастардың білім мен ғылым арқылы үлкен белестерді бағындыра алатынын дәлелдейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *