Сүйінші! Шымкенттік оқушы әлемнің 90 университетінен шақырту алды

Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы 11 «З» сынып оқушысы Набира Қайратқызы Перналы білім саласында ерекше жетістікке қол жеткізіп, әлемнің 90 беделді университетінен ресми шақырту алды. Дарынды түлек миллиондаған доллар көлеміндегі халықаралық гранттардың иегері атанып отыр.

Набираның жетістігі — ұзақ жылғы ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесі. Ол АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Еуропа және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жетекші жоғары оқу орындарының назарын аударған.

Оқушыға ұсынылған ең ірі гранттардың қатарында Baylor University — 240 мың доллар, Beloit College — 192 мың доллар, Susquehanna University — 180 мың доллар және Alma College — 160 мың доллар көлеміндегі білім гранттары бар.

Сонымен қатар University of St. Thomas, Saint Louis University, Drake University секілді беделді оқу орындары да Набираға жоғары көлемдегі қаржылай қолдау ұсынған.

Дарынды талапкерге Rutgers University, Pennsylvania State University, DePaul University, İstanbul Medipol University, Istanbul Bilgi University, GISMA Business School және University of the Fraser Valley сияқты алдыңғы қатарлы университеттер де қызығушылық танытқан.

Осындай мол мүмкіндіктердің ішінен Набира өз таңдауын Inha University университетіне тоқтатты. Ол аталған оқу орнында «Халықаралық бизнес және қатынастар» (International Business and Relations) мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шымкент қаласында «Білімім – Отаныма» атты салтанатты іс-шара шамамен 300 мектепте өтті. Биыл 11-сыныпты 16 032 түлек тәмамдады.

Жалпы көрсеткіштерге сәйкес, 786 оқушы «Алтын белгі» үміткері, 1 123 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Сонымен қатар, Шымкенттік оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда 3 алтын, 10 күміс, 7 қола медаль және 4 грамотамен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *