Шымкенттегі 300-ге жуық мектепте «Білімім – Отаныма» салтанатты іс-шарасы өтті

Шымкенттегі Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына арналған «Білімім – Отаныма» атты салтанатты іс-шара өтті.

 

Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы мен білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы арнайы қатысып, мектеп түлектерін үлкен өмірге қадам басуымен құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнады.

Салтанатты кеш барысында  мектепке деген сағыныш пен ерекше құрметті бейнелейтін әсерлі әндер шырқалып, көркем би қойылымдары ұсынылды. Кештің мазмұнды бағдарламасы түлектерге де, ұстаздарға да ерекше әсер сыйлап, естен кетпес естеліктермен өрілді.

№1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатында 463 оқушы білім алуда. Жыл қорытындысы бойынша білім сапасы 94 пайызды құрап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мектеп қабырғасынан 119 түлек бітіріп шықты. Олардың ішінде 14 оқушы — «Алтын белгі» иегері, 16 түлек — «Үздік аттестат» иегері.

Оқу жылы барысында білім алушылар республикалық пән олимпиадалары мен түрлі зияткерлік байқауларда 27 жүлделі орынға ие болып, қалалық деңгейдегі білім сайыстарында 122 жүлделі орын иеленіп, өздерінің терең білімі мен жан-жақты қабілеттерін дәлелдеді.

Сондай-ақ, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша педагогтер мен білім алушылардың жетістіктері негізінде республика бойынша мамандандырылған «Дарын» мектептері арасынан анықталған үздік 10 мектептің қатарына еніп, «Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2025» номинациясын иеленген.

Айта кетейік, Шымкент қаласында «Білімім – Отаныма» атты салтанатты іс-шара шамамен 300 мектепте өтті. Биыл 11-сыныпты 16 032 түлек тәмамдаған.

Жалпы көрсеткіштерге сәйкес, 786 оқушы «Алтын белгі» үміткері, 1 123 түлек «Үздік аттестат» иегері атанған.  Сонымен қатар, Шымкенттік оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда 3 алтын, 10 күміс, 7 қола медаль және 4 грамотамен марапатталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *