2025 жылғы негізгі көрсеткіштерге сәйкес Шымкент қаласы цифрландыру саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Мегаполис «Smart City Ranking 2025» рейтингінде республика бойынша 3-орынға ие болды. Осылайша, Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі үздік үштікке еніп, цифрлық трансформация бағытындағы жүйелі жұмыстың тиімділігін көрсетті.
Аталған рейтинг қаланың цифрлық жобаларды табысты жүзеге асырып жатқанын және Smart City бағыты бойынша тұрақты даму қарқынын қалыптастырғанын айқындайды.
2025 жылы Smart City көрсеткіші 82%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артты. Бұл өсім қала инфрақұрылымын цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, бейнебақылау және интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі болып отыр.
Сонымен қатар, «Ашық үкімет» бағыты бойынша да оң динамика байқалады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға өсті. Бұл мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындармен кері байланысты нығайту және электронды қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылған шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысында Smart City көрсеткіші 76% болса, 2025 жылы 82%-ға дейін өскен. Ал «Ашық үкімет» бағыты бойынша көрсеткіш 97%-дан 100%-ға дейін көтерілген.
Жалпы, Шымкент қаласында «ақылды инфрақұрылым» бағытындағы жобалар да кезең-кезеңімен кеңейтіліп, цифрлық сервистерді бір жүйеге біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тұрғындарға арналған онлайн қызметтердің қолжетімділігі артып, мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алу мүмкіндігі жеңілдетілуде.