Перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде

Шымкент қаласы, Абай ауданы Ақжайық шағын ауданында 200 орынды ірі перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда нысанның қазаншұңқырын қазу жұмысы аяқталып, іргетасына бетон құйылуда.

Үш қабатты ғимаратта лаборатория, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Сонымен қатар, 123 автокөлікке, 16 әкімшілік көлігіне және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар, 120 м³ су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы мен саябақ болады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, ана мен баланы қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған. Себебі, қалада тұрғындар санының артуына байланысты заманауи медициналық нысанға қажеттілік туындап отыр.

Жаңа перинаталдық орталық ұлттық және халықаралық стандарттарға сай жоғары білікті акушерлік және неонаталдық көмек көрсететін болады.

Сонымен қатар, нысан іске қосылғаннан кейін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының іргелес аудандарының тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы елімізде туу көрсеткіші жоғары өңірлердің қатарында тұрақты көш бастап келеді. Қазіргі таңда қала халқының саны 1,29 млн адамнан асады. Соңғы үш жылда балалар саны шамамен 10%-ға артып, 500 мың адамға жетті. Болжамдарға сәйкес, 2035 жылға қарай мегаполис халқының саны 1,85 млн адамнан асуы мүмкін.

Қазіргі уақытта қалада жалпы 508 акушерлік төсек-орны бар төрт профильді медициналық мекеме шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Орташа жүктеме нормативтік көрсеткіштен асып, 106 пайызды құрайды.

Халықтың демографиялық өсімі ескеріле отырып, халықаралық стандарттарға сай медициналық көмек көрсететін III деңгейлі перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылданды.

Жаңа орталық заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмектің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *