Жыл сайын 26 маусымда әлемде Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аталып өтеді. Басты мақсат – қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аудару, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткінің зияны туралы кеңінен түсіндіру.

Осыған орай, Жастар ресурстық орталығы, Шымкент қаласы Полиция департаменті және «Бүркіт» арнайы жасағының ұйымдастыруымен Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында танымдық экскурсия өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – жастардың отансүйгіштік және патриоттық сезімдерін арттыру, құқық қорғау саласының жұмысымен таныстыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Танымдық экскурсия Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты Кинология қызметі орталығында өтті. Экскурсия барысында қатысушылар кинология қызметінің жұмысымен танысып, арнайы үйретілген қызметтік иттердің дайындығын тамашалады. Сонымен қатар, жастар құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктері мен жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат алды.
Іс-шараға М. Тынышбаев атындағы Shymkent ALT көлік колледжінің студенттері қатысты. Студенттер арнайы қызметтің тыныс-тіршілігімен танысып, мамандармен еркін пікір алмасты.
Мамандар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен айналысуға, бос уақытын тиімді өткізуге және заң талаптарын сақтауға шақырды.
Есірткіге тәуелділік адамның сана-сезімін бұзып, денсаулығына орасан зиян келтіреді.
Салауатты өмір салтын ұстану – жарқын болашақтың кепілі. Әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болуы тиіс. Өйткені есірткі – адамның өмірін ғана емес, оның арман-мақсатын, болашағын да құрдымға жетелейді.