Қоғамдық кеңес мүшелері білім нысандарындағы жөндеу барысын бақылады

Шымкент қаласында білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мердігер ұйымдарға қойылатын басты талап – құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау. Осыған орай Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар мектептердегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қоғамдық кеңес өкілдері, оның ішінде Бұхарбай Парманов бастаған топ алдымен А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицей ғимаратына барып, жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Аталған нысанда қазіргі таңда мердігер «Югстройсервис-Н» ЖШС-нің 100-ге жуық қызметкері жұмылдырылған. Учаске бастығының айтуынша, жұмысшылар саны 200 адамға дейін ұлғайтылмақ. Жоспарға сәйкес мектептің жылу жүйесі де толық жаңартылатын болады. Қазіргі уақытта жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде.

№41 мектеп-лицей 1985 жылы ашылып, 1994 жылы лицей мәртебесін алған. Бүгінде бұл білім ордасында 1800-ге жуық оқушы білім алады. 2026 жылғы 4 мамырдан бастап «Юг Строй Сервис» компаниясы аталған мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған. Қазіргі уақытта 200-ге жуық жұмысшы тартылып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Ең бастысы, сапаға мән беріңіздер. Қала әкімдігімен бірлесе отырып, Қоғамдық кеңес тарапынан да құрылыс барысы тұрақты бақылауда болады. Жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмысшы санын арттыру қажет. Сапалы жұмыс – басты талап, – деді Қоғамдық кеңес мүшесі Бұхарбай Рысқұлұлы.

Сонымен қатар, қазіргі таңда №46 мектеп-лицей ғимаратында да күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер ұйым мектептің қасбеті мен шатырын жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 2700 оқушы білім алатын аталған білім ордасының жөндеу жұмыстарын тамыз айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, ұлдарға арналған №1 оқу-инновациялық лицей-интернатының жатақханасы, №106 «Қайнарбұлақ» жалпы орта білім беретін мектебі және Хамза атындағы №42 жалпы орта білім беретін мектеп ғимараттарында да күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.

Қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық құрылыс басқармасының өкілдері аталған білім беру нысандарын аралап, мердігер ұйымдарға жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы барлық мектептердің жылыту жүйелерін жаңарту және жақында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мектептер мен жаңа ғимараттарға ағымдағы жөндеу (әктеу, сырлау) жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінді. Сонымен қатар, қазіргі таңда 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *