Биыл Шымкент қаласында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және сауықтыру жұмыстары кең көлемде жүргізіледі. Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы 1–10 сынып аралығындағы 262 790 оқушының 245 753-ін, яғни 93,5 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр.

Жазғы сауықтыру шаралары жергілікті бюджет, ата-аналар, демеушілер және кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 11 495 бала жергілікті бюджет есебінен, 9 516 оқушы ата-аналар мен демеушілер қаржысы арқылы қала сыртындағы лагерьлерде демалатын болады. Оның ішінде ата-аналар тарапынан 345 млн 900 мың теңге, ал демеушілер есебінен 225 млн 60 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымының қолдауымен 102 бала жазғы лагерлерде тынығады. Ал 224 640 оқушы мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарымен қамтылады.
Жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және кәсіби бағдар беру мақсатында жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлескен арнайы жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, 7–8 сынып оқушыларына арналған «PROF START» және 9–10 сынып оқушыларына арналған «EduCampShym» жобалары аясында жалпы саны 60 105 оқушы қамтылады.
Аталған жобалардың негізгі мақсаты – білім алушылардың кәсіби бағытын айқындау, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, сондай-ақ жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру.
Балалардың жазғы демалысын сапалы өткізу мақсатында қала әкімінің орынбасары тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары мен штаб құрамы бекітілген. Жаз мезгілінде балаларды сауықтыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басты назарда болады.
2026 жылдың жаз айларында 11 495 баланы қала сыртындағы лагерьлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 755 млн 243 мың теңге бөлінген. Бұл ретте мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасы балаларына басымдық беріледі.
Бөлінген қаражат есебінен аз қамтылған отбасылардан шыққан 11 200 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылады. Оның ішінде 1 200 бала басқармаға қарасты «Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының «Ақсу» лагерінде демалса, 10 мың бала мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталған жеңімпаз лагерьлерде тынығады.
Сонымен қатар, дарынды балаларға арналған мектептердің 160 оқушысы жазғы демалыспен қамтылмақ. Ал балалар үйінің 135 тәрбиеленушісі үш ай бойы қала сыртындағы лагерьлерде демалады.
Сурет ашық дереккөзден алынды.