Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығына сәйкес, 29 мамыр күні 9 (10) сынып білім алушыларының математика (алгебра) пәні бойынша жазбаша қорытынды емтиханы басталды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы 291 білім беру ұйымында жалпы саны 277 205 оқушы білім алуда. 2025–2026 оқу жылында 9-сыныпты 24 178 білім алушы аяқтап отыр.
9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында төрт пән бойынша өткізіледі. Атап айтқанда:
– ана тілі;
– математика (алгебра);
– қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек сыныптары үшін);
– таңдау пәні.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығының 50-тармағына сәйкес, қорытынды емтиханнан 326 оқушы босатылды. Оның ішінде 261 білім алушы денсаулық жағдайына байланысты, ал 65 оқушы халықаралық жарыстар мен олимпиадаларға қатысуына орай емтихан тапсырудан босатылған.
Жалпы, 9-сынып бітірушілері арасында «Үздік» аттестатқа үміткерлер саны 1 561 оқушыны құрайды. Бұл көрсеткіш білім алушылардың оқу жетістіктері мен сапалы білім деңгейінің жоғары екенін аңғартады.
Қорытынды аттестаттау жұмыстары бекітілген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, емтихан өткізу барысында академиялық адалдық қағидалары мен қауіпсіздік шаралары толық сақталуда.
Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында бітірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Сонымен қатар, «Алтын белгіге» үміткерлер саны 136 оқушыға көбейген. 9-сыныптағы «Үздік» аттестатқа үміткерлер саны да айтарлықтай өсіп, 1 580-ге жеткен.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2024–2025 оқу жылында «Алтын белгіге» 650 оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша «Үздік аттестатқа» 1 128 түлек, ал 9-сынып бойынша «Үздік аттестатқа» 1 088 білім алушы үміткер болған.