Оқушыларға психикалық денсаулықтың маңызы түсіндірілді

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында 9-сынып оқушыларына арналған профилактикалық кездесу өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, психикалық денсаулықты сақтау және зиянды әдеттердің алдын алу.

Іс-шараға Психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологы Д.  Игенбек және мектеп медбикелері Р. Фазилова, Ұ. Иманбердиева, А. Құлымбет қатысты.

Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге психикалық саулықтың маңызын түсіндіріп, зиянды әдеттердің адам ағзасына тигізетін кері әсері мен тәуелділіктің алдын алу жолдары туралы ақпарат берді. Әсіресе темекі өнімдері, электронды темекі, алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының жүйке жүйесіне және адамның психологиялық жағдайына тигізетін зиянына назар аударылды.

Мектеп медбикелері оқушыларға жеке бас гигиенасын сақтау, дұрыс тамақтану, күн тәртібін тиімді ұйымдастыру және дене белсенділігін арттыру жөнінде пайдалы кеңестер ұсынды. Сонымен қатар өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы атап өтілді.

Жиын барысында күйзелісті басқару, жағымсыз әдеттерден аулақ болу және құрдастар тарапынан болатын теріс ықпалдарға қарсы тұру мәселелері де қозғалды. Мамандар қиындық туындаған жағдайда тиісті мамандарға жүгінудің маңызын түсіндірді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан жауап алды.

Кездесу соңында оқушылар денсаулықты сақтау мен зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызы жөнінде пайдалы мәлімет алды. Мамандар жасөспірімдерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған кезде мамандардың көмегіне жүгінудің маңыздылығы атап өтілді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *