Шымкентте «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

Жаз мезгілі таяған сайын табиғи өрттердің алдын алу мәселесі бірінші орынға шығады. Әсіресе, аптап ыстық пен қатты жел қатар келгенде, құрғақ шөпке түскен кішкентай ұшқынның өзі санаулы минутта үлкен апатқа ұласуы мүмкін. Дәл осындай қауіптің алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты «Қайнар бұлақ» орман шаруашылығы аумағында ауқымды «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

Екі күнге созылған бұл шараның мақсаты — төтенше жағдай орын алған сәтте түрлі қызметтердің өзара байланысын нығайтып, тілсіз жауға жедел тосқауыл қою тетіктерін іс жүзінде тексеру болды. Республикалық деңгейдегі бұл жиынды Шымкентте Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Тілеуберді Мәдиев тікелей басқарды.

Арнайы бекітілген сценарий бойынша жаттығу жұмыстары шынайы жағдайға барынша жақындатылды. Жоспарға сәйкес, қатты желдің салдарынан орман шаруашылығына жақын орналасқан жоғары қуатты электр желілерінің сымдары үзіліп, тұтанған өрт тез арада орман алқабына жайыла бастайды. Қауіптің бетін қайтару үшін оқиға орнына жедел түрде 134 маман мен 37 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Төтеншеліктер тек өртті сөндіріп қана қоймай, қауіпті аймаққа жақын орналасқан жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстарын да қатар жүргізді. Әр секунд санаулы болған сыни сәтте азаматтық қорғау қызметтерінің үйлесімді әрі жедел әрекетінің нәтижесінде «тілсіз жау» қысқа уақыт ішінде толықтай оқшауланып, сөндірілді.

Іс-шара соңында арнайы жасақтың өрт қауіпті кезеңге дайындығы бойынша қорытынды тыңдалым өтіп, жедел ақпарат алмасу мен техникалардың әзірлігіне оң баға берілді. Бұл оқу-жаттығу Шымкенттің жазғы маусымдағы кез келген табиғи қауіп-қатерге сақадай сай екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *